Абылдар

 

45. “Абылдар ұрпағы” қоғамы

 

Ұлы Жаратушы: “Адамды махаббатпен өзіме ұқсатып жараттым!” –  депті…

Осы бір ауыз сөз барлық адам пендесін өз жаратылысының батауында Ұлы Жаратқанның тұрғанына  аса зор мақтаныш сезіміне бөлей аларлық, сол туралы  терең ойға батыра аларлық бастау емес пе…

Жаратушы адамды сүйіспеншілікпен жаратса, онда оның адам ұрпақтарын сүйетін болғаны, олардың жақсы тіршілік еткенін, ойлағынының іске асуын қалайтын болғаны.

         Сондықтан да болар “Адам” деп  өзі ат берген  жан иелеріне  “саналы тіршілік” атты:

·        қуанышы мен қайғысы мол;

·        жеңісі мен ұтылысы да жетерлік;

·        бірі бәсекелес болса, бірі қанағатшыл;

·        бір күндік сұрапыл соғысы мың күндік бейбіт өмір сүрген күндерін ұмыттырып жіберетін;

·        мың күн тоқтықты бір күн аштығы жоққа шығаратын;

·        ізгілігі мен сұмдығы  астасып жатқан;

·        адамды тіршілік етегіне жабысатындай етіп;

·        біріне өкінбейтіндей  өмір сүрдік дегізіп;

·        біріне мәңгілік о дүниеде теңелермін деп қанағат еткізе;

·        мәңгілік пен шексіздік атты өлшемдерімен салыстырғанда бір сәттік қана жарық көрер уақытын қиыпты.

Сүйікті(?) пенделеріне, басқа жан иелерінен айрықша, ақыл мен

сананы, өнер мен білімді қоса сыйлапты.

Рахаты мен арпалыс күндерге толы ғұмыр кешуге мүмкіндік беріпті.

Ғаламды мәңгілік дейміз. Сол мәңгілікті жарата тұра, басқара тұра Жаратушыға ең қымбаты да сол мәңгілікті құрап тұратын уақыт атты болмашы нәрсе болса керек. Олай дейтініміз махаббатпен жаратқан Адам баласына жер бетінде өмір сүруі үшін мәңгілікпен салыстырғанда кірпікті ашып-жұмардай ғана мезгіл берілген. Қалай айтсақ та Жаратушының Адамды сүйетіні рас, өйткені оны әлемге қожалық ету үшін жаратқан!..

Ұлы Жаратушы адамға сана мен ақыл сыйлап, оның үстіне өнер мен білім түрлеріне құмар етеді.

Осылар туралы ой, Жаратқанның адамдарды өзіне-өзі қамқорлық жасай алатындай етуі, ол үшін түрлі қиындықтарды жеңу қажеттігін ойлап, жоспарлап қойған секілді. Бұның барлығы адам тіршілігін қызықты ету үшін қажетті болған болуы керек.

Жаратушымыз Адамның жер бетіндегі өмірін басқа жан иелерінен қызықтырақ, мағналылау ету үшін сан түрлі қиындықтарды тудырып, адамның барлық істеріне қарсы тұрар, қарсы еңбек етер азғырушы мен аздырушыны да қоса жаратқан секілді. Азғырушысы Ібіліс сайтан болса, аздырушымыз сайтанның жолын қуған адамдар болса керек. Сайтан Адам пендесін жек көреді,  жұмақтан шығуыма себеп болды деп өкпелі дейді. Сондықтан ол адам  ұрпақтарын аздыруды, дұрыс жолдан тайдыруды, тыныш өмір сүргізбеуді өзіне басты мақсат санайды екен… 

Осыған сенсек кез-келген адам өмірі – оның  сайтан атты қауымымен күресі…

Сайтанның адамды жолдан тайдыру үшін жаратылғанына сенсек адам өмірі – адамның  сайтан өсиетін қабылдаған, сайтан үгітіне ерген адам пенделерімен күресі…

Осылармен қоса саналы адамның өмірі – алдымен өзімен, сосын қалыптасқан өзіне ұнамайтын қағидалармен күресі…

Жаратушы Адам өмірін осылайша күрделендіріп, жер бетінде тіршілік етуді өмір үшін күрес бәсекесіне айналдырған секілді…

Жалпылай қарағанда Адам періштеге де, сайтанға да тәуелсіз. Әр адам өзінің жаратылысы сыйлаған ақылы мен санасының, өзі мен қоғамы қалыптастырған парасаты мен адамгершілігінің арқасында,  қолдан келер мүмкіншілігі мен күшінің жеткен шамасын пайдаланып, қалағанынша ұйымдастырып өмірлерін сүре беруіне болар еді. Бірақ олай болмай шықты. Оған себеп сайтан жерге түсіп, өз міндетін ойдағыдай орындап жатырған секілді. Олар адамдарды бір-біріне жау ете алды. Жағаластырып қойды. Күштісі әлсізін құртып жіберуге дейін өшігетін болды. Содан сақтанған саналы адамдар өз өмірлерін қауіпсіз ету үшін, өмір сүруін жеңілдету үшін қоғамдар мен мемлекеттерге бірігіп күнелтуді ойлап тапты.

Бірақ сайтан тағы да қарап жатпады. Азғырушы мен аздырушы қоғамдарды бір-бірімен  қарсы қоюдың, сол мәселелерді шешудің не түрін шығарды. Бұрын адам мен адамды жауластырса енді қоғам мен қоғамды, ұлт пен ұлтты, дін мен дінді бір-біріне қарсы қоя алды. Қарсылықты шешудің жолын ақыл емес күш деп, соғыс деп қабылдатты…

Тіршіліктің негізгі заңы, қатар өмір сүру заңы адамдар арасындағы талас пен тартысқа, қоғамдар арасындағы соғысқа айналды.

Бұлайша болуға негізінен адамдар кінәлі.  Бірінші – билік басындағылар мен барларға жалпы адам пендесінің мұқтажы туралы үгіттер қонбайды. Олар түсінігін өзгертуге, көзқарасын өзгертуге мүмкін емес.  Екіншіден орташалардың өз тағдырына деген бейқамдығы. Орташалар осы екі ақиқат мағнасына ой жүгіртіп, күнделікті тіршілігінде бейқам болмаса әлем жақсара бастамақ.

Мемлекеттердің, қоғамдардың даму барсында қоғамдардың емес, жеке адамдардың өз қажетін орындау мүмкіншілігі де бірдей бола бермейді. Содан барып мемлекеттер арасындағы секілді, адамдар арасында да “теңсіздік” атты көрсеткіш пайда болады.

Адамдардың теңескісі келетіні, бір-бірінен артық болғысы келетіні қоғам үшін басты мәселеге айналады. Бірақ жылдан жылға, ғасырдан ғасырға бұл мәселе бойынша еткен еңбек адамды адамға теңестіру түгіл жақындатудың өзі орындалмас арманға айнала бастады. 

“Теңсіздік” көрсеткішінің арасы өте алшайып кетпеуі үшін адамсүйгіштер мен жақсылық сүйгіштер, бейбітқұмарлар мен теңдікқұмарлар не істеуі қажет деген сұрақтар пайда болды…

“Теңсіздік” атты құбылыс шамасын қалай шамалауға, өлшеуге болады деген мәселе өз жауабын алғашқы қойылған сәттен бастап әлі күтуде…

Осы мәселеге бір ортақ көрсеткіш қажет секілді… Бірақ адамдар теңдігі мен теңсіздігінің баршаға бірдей ортақ көрсеткішін ойлап табу мүмкіндігі әзірге байқала қоймайды…

Олай болса бұл мәселеге басқа тұрғыдан жақындап көруге тырысып көруге болмас па екен…

Жер бетіндегі адам атын иеленіп, бір-бірімен бәсекелес тіршілік етіп келе жатқандарға олардың жақсы өмір сүруі үшін керекті “тұрмыс қажеттілігі” атты сұранысы арқылы қарағанда, негізінен адамдарды үш топқа бөлуге болатын болатын секілді. Адамдарды:

·        Барлар (жоғары мансапты биліктілер мен байлар).

·        Жоқтар (күнделікті тұрмыс қажетін өтей алмайтындар).

·        Орташалар (жоқшылық көрмейтіндер, тұрмыс қиыншылығын, тамақ асырау тауқыметін тартпайтындар, бірақ барлық қажетін, сұранысын толық қамтамасыз ете алмайтындар) –

деп бөліп, бір-бірінен ажырата аларлық етіп алсақ. Енді солардың, жалпы адам көпшілігінде ара қатынасы қаншалық, қайсысы қаншама деген сұрақтарға жауап беру де оңай мәселе емес. Өйткені әр қоғамның, әр мемлекеттің өркендеу дәрежесіне байланысты өз көрсеткіштері бар. Онша дами қоймаған бір мемлекеттің барлар тобына жатқызылатындары екінші бір қоғамда орташа дәрежесіне сәйкес келуі мүмкін. Кейбір қаладағы орташа дәрежелілер шеттегі ауыл тіршілігіндегі барлар тобына қосылып кетуі кәдік. Бір мемлекеттің орташасы екінші бір мемлекеттегі жоқтар санатынан табылып қалуы мүмкін. Осындай салыстырмалар арқылы барлар, жоқтар, орташалар көрсеткішіне жалпыға ортақ, оңай түсінетін түсінікпен қарап көрсек пе екен деген ойға келдік.

Ол көрсеткішті жалпы адам санынан алып, барлар қатарына жүздің бесін, жоқтар қатарына жүздің онын, ал қалғанының бәрін орташалар қатарына жатқызуға болар деп келісуге болар…

Саналы тіршілік өзінің даму жолында адамдарды сан түрлі қоғамдарға біріктірді. Ал сол қоғамдар болса адам баласын бақытты етуге, кісі өмірін қызықты етуге тырысты. Соның арқасында кезең-кезең замандарда қаншама мемлекеттер мен мүдделес қоғамдар құрылды. Ұйымдар мен бірлестіктер ұйымдастырылды. Қаншама құрылымды адамдар  өздері талқандап қайта жасақтады. Бірақ сол ізденістер айта қаларлықтай жетістіктерге жете алмай келеді. Ондай ізденушілер қандай қоғам құрса да әлі күнге адам баласының негізгі көпшілігін құрайтын орташалар мен жоқтардың мұқтажын толық өтей алатын мемлекет жасақтай алмауда…

Бұл неліктен екен?..

Бұл сұраққа жауап бар деп ойлаймыз.

Біріншіден: бұндай теңсіздіктің тұрақтылығы барлық уақытта да қоғам мүшелерін біріктірер ұран мен өмір сүрер идеологиясының, қоғамның қозғаушы күші мен экономикасын іске қосу тетігі барлар қолында қалатындығы себеп секілді.

Содан барып мемлекеттік ұран мен идеология, заң мен ереже ең алдымен барлар мұқтажын қамтамасыз етеді. Содан барып барлар ел ұранын ойлап табады, заң шығарады.

Екіншіден: жоқтар  мен орташалар оларға қарсылық көрсетуге не тырыспайды, не тырысуға қауқары жетпейді.

Жоқтар деген кімдер?.. Әдетте олар қатарында көбінесе шаруаға қырсыздар мен жалқаулар тобы, жарымжандар мен әлсіздер тобы, арақ пен есірткіге салынып кеткендер тобы  молырақ.  Олар әрі аз, әрі талапсыздардан болып келеді де, өз талаптарын қоғам алдында қорғап жарыта қоймайды. Бұлардың қатарына әлі өмірден өз орындарын анықтай қоймаған жастардың бірі кіріп толықтырып жатса, бірі орташаға өтіп жатады.

Ал орташалардың дені өз күнін өзі көре алатындар. Олардың негізгі қаруы ақыл мен еңбек. Олардың жоқтарға жаны ашығанмен бөліп берері жоқ, барларға  қызыққанмен қолынан келері жоқ. Тіпті олардың өздерінің күнделікті тіршілік қамын ұйымдастырудан да қолдары босамайды. Олар көбіне барлар мен мемлекет мүддесіне еңбек етіп жан сақтайды. Билік пен байлық атты мықты қаруға ие болғандар сол жоқтар мен орташалардың өздерінің қолымен өздерін тұқыртып отыруға шамасы жетеді. Өйткені қоғамның ұраны мен қозғаушы тетігі солардың қолында.

Осыдан барып саналы адамдар алдында “жоқшылық” пен “теңсіздік” атты мәселелер туындайды. Ал жалпы көпшіліктің арманы бейбіт өмір мен тоқшылық, содан кейін бостандық пен жеке басының теңдігі. 

Адамдар мен  қоғамдарды, дін мен дінді, ұлт пен ұлтты бір-біріне жау етіп ұстайтын идеология үстемдік құрып тұрған кезде “жоқшылық” пен “теңсіздік” атты көрсеткіштерден құтылу мүмкін бе?..

Қазақ халқының бір дана мақалы: “Бардың пайдасы тиеді, жоқтың зияны тиеді” – дейді. Сол мақалға сенген дұрыс секілді. Олай болса барлар керек, олар бола берсін. Барлыққа жету үшін күш пен ақыл керек еді. Олар барларда бар болып шықты. Барларды құртып, жоқтарды жетістіреміз дегендердің жетістіргені шамалы.

Ал жоқтардың зияны тиетін болса оларды шыныменен де құртып жіберген дұрыс болар деп ойлаймыз… Әрине қырып емес, оларға жағдай жасап. Барлар мен мемлекеттің артығын пайдаланып, жоқтардың жағдайын жақсарту мақсатындағы заңдар қабылдау арқылы қоғам оларды орташалар қатарына шығарып жібере алса…

Адам пенделерінің іздеп жүрген арман қоғамы сол болар, асылы…

Жер-Ананың  бар пендесін толық асырауға жетерлік мүмкіншілігі бар дейді…

Сол ана емшегін тең емуге бола ма?..

Болмайтын секілді…

Тең емілмейтін болса еме алмайтындарды жетімсіретпеуге мүмкін бе?..

Мүмкін секілді…

Мүмкін болса үлгі болар қоғамды қайдан іздейміз?..

Адами мәселе мен жалпы жаратылыс заңдарын салыстыра қарастырып байқаса, әлгі сұрақтарды іске асыруға мысал болатындай жаратылыстан үлгілер табылатын секілді.

Ондай үлгілерді “әу баста” Жаратушының өзі ұсыныпты…

Жаратушы ең алдымен адамдардың қате қадам басатыны туралы ойланыпты. Тіршілікте адамның қате қадам басуы мүмкін екенін, сондай қадамға итермелейтін азғырушы күш болатынын түсінсін деп адамдар өміріне үлгі есебінде пайдалануға боларлық сабақтар беріпті.

Алғашқы сабақ Адамның өзіне беріліпті. Адамдар ұрпағы барлық уақытта еске сақтап, ұдайы басшылыққа алып отырсын деп – өзін жаратып Жұмаққа жіберген, әрі жаратушысы, әрі қамқоршысынан азғырушының сөзін  артық көргізіп бидай дәнінен (алма) дәм татқызуы.

Осы секілді адам пенделерін жерге түсіру барысында олардың жердегі өміріне сабақ бола аларлық құбылыстардың да сан түрін көрсеткен. Соларды ұмытпау үшін пайғамбарларға уахи (хабар) түсіріп, Алла адам пенделерінің санасы мен жадын дамытқан…

Сонымен… Сайтан адамдарды азғырып бидай дәнін жегізеді. Бұл алғашқы азғырушылық (сайтан тарапынан) әрекет еді. Соның қырсығынан азғырушы айтқанына еріп (бұл адамның азғырушыға еліктеген алғашқы қадамы), соның салдарынан адам пенделері мен сайтан қауымы жұмақтан қуылып кеткенін білеміз.

Бұл мысал жер бетіндегі адамдарға ойланарлық уақиға. Бұл сабақ әр адам өз өміріне әсер етер азғырушының болатыны туралы, адам алдымен содан сақтануы керек екені туралы түсінік қалыптастыруға тиіс дегенді еске салады.

Азғырушының айтқанына еріп, адамдардың бидай дәнін (алма) жеуі алғашқы басылған қате қадам (адамдар тарапынан) еді. Бұл әр адамның өз өмірінде қате қадам басуы мүмкін екені туралы, содан сақтануы керек екені туралы түсінік қалыптастыруға тиістігін еске салады. Осылайша жалпы адам баласының негізгі тіршілік әрекеттері белгілі бола бастайды.

Сайтан азғырып адамдар бір-біріне жаулық ете бастады. Адамдар жауларына қарсы тұру үшін қауымдарға ұйымдасты. Олар “Қандаспыз” деп ұран тастайтынды шығарды. Адамдардың бір-бірімен туыс, қандас тайпалары пайда болды. Бірақ одан да нәтиже аз болды.

Мемлекет атты қоғам ойлап тапты. “Отан үшін” деп ұран тастайтын болды. О да айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Мемлекеттер бір-біріне деген жаулығын тоқтатар болмады.

Жақындарының қамын жегеннен, мемлекет қамын жегеннен жалпы адам баласының, орташалар мен жоқтардың жағдайы түзелмейтіні белгілі болды.

Неге солай?..

Адамзат пенделерінің (орташалар мен жоқтардың) жақсы өмір сүруіне қалай қол жеткізуге болады?..

Олар бір-бірімен жауласпауы үшін, олар бір-біріне дос, қамқор болу үшін не қажет?

Осындай сұрақтар саналы адамды жаңа ойға бастады… Ойланғандар Жаратылыс сырын ұға бастады, ақиқатты мойындады.

 

Адам адаммен әу баста тең жаратылған!

Адам мен адам әу бастан қандас, туыс!

Саналы және ізгі жандар адам мен адамның теңдігін армандайды!

 

Осы ұрандарды барлық адамзат арманы етіп қабыл алу және оны іске асыру тек қана көпшіліктің санасы осыны қабылдаған қоғамда ғана, көпшіліктің қолдауымен ғана жүзеге аса алады. Ал көп деп біз бен сіздер қоғамдағы орташаларда қабылдаған болатынбыз. Демек бұл ұлы ұрандарды тек қана орташалар іске асыра алады.

Өйткені жоқтардың жағдайы белгілі болды…

Барлардың көпшілігі адам теңдігіне ұмтыла қоймайды…

Міндет орташаларға жүктелетін болса оларды біріктіре алатын күш қандай?

 

Орташаларды қалай бір ауызды, бір мүдделі етуге болады?..

 

Қалыптасып қалған қағидалардан қалай құтылуға болады? Сол қағидалардың бәрі бірдей адам пайдасына аса ма? Осындай сұрақтар өздеріне жауап іздетеді.

 

·        Бейбітшілік сүйгіш, теңдікке құмар адамдар тобының бір-бірінің қамын жеп, жоғын жоқтауы үшін бір құрсақтан шығуы, бір ұлттың өкілі болуы, бір мемлекетте өмір сүруі міндет пе?

·        Адамдарды жақын етер, тату етер ұлттық пен қандастық, дін менен тіл болатын болса онда қалайша әкесі мен баласы бірауызды бола алмайды?

·        Қалайша бір әке балалары әке мұрасына таласып, бір-бірімен бітіспес дұшпанға айналады?

·        Неге қазақ халқының данышпаны Абай әкенің баласы болма, адамның баласы бол деп өтініш етеді?

·        Неге қазақтар “ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын дейді?.”

 

Адамдар бір-біріне тілектес болуы үшін діни мүдде де, ұлттық мүдде де, таптық мүдде де айтарлықтай нәтиже бермеді. Коммунистердің елді бақытты ету қолынан келмеді. Жұмысшылар қоғамы (профсоюз) да еңбекші жұртты мақсатына жеткізе алмады.

Мыңдаған жылдар бойы олар адамдарды теңестіре алмады. Әлі күнге адамдардың теңдігін, бақыттылығын айқындайтын көрсеткіш табылмай келеді.

Өткен змандарда баюдың жолы басқаны жаулап алу деп басқыншылық соғыстарды, жорықтарды көп пайдаланды. Бірақ адамдарды бұл әрекеттері жақсылыққа жеткізбеді. Қайта әр соғыс жеңгенді де, жеңілгенді де ойсырата отырғызып кетті.

Бұрынғы замандарда мүдде жақындығын ұлт пен дін арқылы іске асырғысы келіп, халықтарды, әртүрлі топтарды мүдделес ете алды. Бірақ оның жемісін барлар мен биліктегілер пайдаланды.

Орташалар мен жоқтардың жеке адамдары жоғарғы топқа өтіп кете алады. Олар бірақ “арпа ішінде бір бидай” болып қала алмайды. Аз ұлттың көп ұлтқа сіңіп кететіні секілді, барлар мен биліктілер ішіне енген жалғыз-жарым орташалар мен жоқтар аз уақытта әлгілердің бірі болып шыға келеді. Бірақ олардан орташалар мен жоқтар азайып қалмайды.

Барлық адамдар өз мемлекеттерінің мүшесі. Мемлекетке басқару жүйесі керек. Олай болса билік басындағылар да барлар да барлық қоғамға керек. Қоғамды дұрыс жолға бағыттайтын білімділер қауымы мен оны іске асыратын еңбекші тобы да керек.

Барлық уақытта билік барлар қолында. Қоғам негізінен орпташалардан тұрады. Қоғамның әділ болуы үшін көпшіліктің (орташалардың) сұранысын қанағаттандыруы қажет. Ол тек қана орташалардың әлгі билік басындағылар мен орындаушылардың дұрыс, адал жұмысы үшін көпшілік күресі арқасында жүзеге аспақ.

Көпшіліктің (орташалардың) күресі жеке адамдарға, жеке басшыларға қарсы бағытталмауы қажет.

Күрес көпшіліктің жағдайын қамдамайтын шешімдерге қарсы бағытталуы тиіс.

Күрес жеке топтардың мүддесін қорғайтын шешімдерді қабылдатпауға бағытталған күресі болуға тиіс.

 

Жалпы адамзаттың әлемдік жақсы қоғам құрудағы ең басты қимылы осы жерде. Біріккен қоғам бір кісіні жамандамайды. Олар қабылданғалы жатырған шешімге өз ойларын айтады.

 

Кез-келген мемлекеттің, қоғам басшыларының ұстанған ішкі, сыртқы саясаты тек қана сол ел азаматтарының емес, бүкіл әлем халықтарының бақыты немесе көрер азабы десек асып айтқан болмаймыз. Өйткені Америка мен Ирак басшыларының, Израил мен Палестина елдерінің арасындағы қақтығыс бүкіл әлемді уысында ұстап отыр.

Адамзат қауымдарының ең басты мәселесі жеке адам мен тұтас қоғам мүддесін дәл тауып, тыныс тамырын дәл басуда екені дәлелденіп келе жатыр.

Бұрын не бір ожар билеушінің, не бір озбыр елдің шылауында кетіп, әлемді қансырататындар ісі енді парасатты ел басшыларына сабақ бола  бастады.

Мысалы Қазақстан өз қолындағы қуатты қарудан бас тартты.

Қазақстан халықтар достығын, дін түсіністігін үндеді.

Қазақстан өз елінде тұратын барлық ұлт өкілдерінің теңдігін мойындады.

Бұл саясат халық жалпы ойынан, тіпті мемлекеттің негізгі тұрғындары қазақ халқының да ойынан шықты. Оған тек қана қазақстандықтар емес, енді дүниежүзі халықтары  мүдделестік танытып жатыр.

Біздің ойымызша мемлекеттер өз елінде тұратын жалпы адамдарға емес, сол қоғамдағы көпшілік мүддесін қанағаттандыруға тиіс, демек орташалар мүддесін қамтамасыз ететін қоғам іздеу қажет…

“Қой үстіне бозторғай жұмыртқалататын қоғам” адам пенделерінің көпшілігін бір-бірімен мүдделес ете алғанда ғана орнамақ…

Адамдарды бір-біріне жақын етудің жалғыз жолы, ол – мүдде жақындығы. Қалғанының бәрі тексерілген. Нәтиже жоқ. Адамдар арасындағы мүдде жақындығы биліктілер мен барлар қауымында өз нәтижесін көрсетіп келе жатыр. Патшалар керек кезінде бір-біріне миллиондап әскер беріп құтқарып жатса, байлар бір-біріне миллиардтап ақшалай көмек көрсетеді.

Көпшілік дегеніміз орташалар дедік. Сол орташалар биліктілер мен байлардан үлгі алу қажет. Әр қоғам өз орташалары мен жоқтарын мүдделес ете алса онда әлем теңдікке, ізгілікке бет бұра алады.

Барлар мен биліктілер сол мүдде жақындығын пайдалана алғандықтан сан ғасырлар бойы билігін жүргізіп келеді.

Мүдде жақындығы – адамзат пенделерінің қарым-қатынасындағы ең шешуші көрсеткіші болуға лайық көрсеткіш!..

Осылай деуге Жаратқанның Абыл мен Қабыл уақиғасы арқылы адамдарға берген үлгісін зерделеу барысындағы ой тұжырымдары итермелейді.

Осы уақытқа дейін бұл туралы ой қорытқан ойшыл да жоқ, күнделікті тіршілікте нәтижелі тұжырым да жоқ.

Неге Абылға Қабыл қастастығының, қызғанышының зардабы туралы діни уағыздарда анық жазылғанмен оны тіршілік философиясы талдап жатпайды?..

Өйткені талдау жасайтын негізгі тетіктер барлар қолында. Абыл мен Қабыл уақиғасы адамдардың өмір сүру тәжрибесінде өмір сүрудің, тіршілік етудің Алла тағала меңзеген негізгі қозғаушы күші, ережесі!..

Жалпы еңбекқор көпшіліктің жер бетіндегі жақсы тұрмысын қалыптастыру барлық саналы адамдардың, зиялылар қауымының міндеті. Олай ойламайтындар саналылар мен зиялылар қатарына қосыла алмайды.

Адамдар ұлт болып бірігіп өмірін қызықты ете берсін, бірақ  жобадан шығып кеткен биліктілер мен барлардың зорлығына ұлт болып бірігіп қарсы тұра алмайтындығын сезінетін мезгіл жетті.

Адамдар діндар болып бірігіп өмір мәнін түсіне берсін, бірақ биліктілер мен барлардың зорлығына діндар болып бірігіп қарсы тұра алмайтындығын түсінетін мезгіл жетті.

 

Әлемдегі елді қырғынға ұшыратар барымташыл билік басындағылар қылығынан, жоқшылық пен ашаршылыққа ұшыратар барлар әрекетінен, идеология күшімен жасалатын ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар әсерінен туындайтын қасіреттерге орташалар мен жоқтар болып қоғамдасып қарсы әрекет ету қажет…

 

Оларға қарсы әрекетті қалай ұйымдастыруға болады?..

Бұл мәселенің онша қиын шаруа емес екендігіне сана соқпағына түскен кісі ғана түсіне алар.

Бұ заманда демократия атты ұғым бар. Барлық ел сайлау жүргізеді. Сайлауда іскерлігі танылған, қолынан жұмыс келетін кісілерге ғана дауыс берсе парақорлар мен бюрократтар жолы кесілер еді. Сайлауда әлем таныған қайраткерлерге, парасатымен ізгі істері танымал болғандарға ғана дауыс берсе тентектер мен арамдар қалай ойлағанын іске асыра алмақ? Америка президент салауына бірнеше жүздеген миллион қаржыларын шашатынын ашық айтады. Кім көбірек ақша шашса, сол билік басына тезірек жетеді екен. Демек дауыс берер сәтте сайлаушыларды сана емес, ақшаның күші билеп кететін болғаны.

Дауыс берер сәтте сайлаушыларды сана билеуі қажет. Сайлау алдында орташалар өз мүддесі үшін шын мәнінде жойқын күреске шығуы қажет.

Өмірді басқаратын сайлаушылар шешімі! Сайлаушы қандай саясаткерге дауыс берді, сол ел саясатын, әлем саясатын жасақтайды.

Сайлаушы қандай әкімге дауыс берді, сол әкім елдің әлеуметтік, тұрмыс жағдайын жасақтайды.

 

Сайлаушылар осы мәселені санамен түсінген шақта жер бетінде жұмақ орнамақ.

 

Осындай ойлар әлем адамдарының ортақ мүддесіне жоқшы бола алатын жаңа қоғам керек екенін мойындатады.

Осындай ойлар қортындысынан барлық адамзатқа ортақ та, түсінікті “Абылдар ұрпағы” атты қоғам құрылса…

 

Олар кімдер?.. Оларға кім мүше бола алады?…

         “Абылдар ұрпағы” қоғамын ұйымдастырушылар мен мұше бола алатындар:

 

·        Өмір сүру – ең алдымен Ұлы Жаратылысты мойындау керек, Ұлы Жаратылыс заңдарын бұлжытпай орындау керек екеніне сенгендер;

·        Өмір сүру – жалпы адамзаттың тең жаратылғанына сенетіндер, тең құқылы өмір сүруге тиіс екенін мойындай алатындар және осы қағидалар үшін күресе алатын, еңбек ете алатындар;

·        Өмір сүру – Адам баласы үшін жай ғана ас ішіп аяқ босатып, жылда бір жасқа шығу емес екенін түсінетіндер.

 

         Адамдардың тіршілік үшін еңбегін не күресін екіге бөлуге болар. Біріншісі рухани күрес. Рухани күрес дегеніміз адамның рухани болмысындағы ойы мен сөзі. Ол барлық уақытта бір-бірімен астасып жатуы тиіс. Егер ойдағы ой мен ауыздағы сөз бір-бірінен алшақ жататын болса, ондай кісі адамзат қоғамының, саналы тіршіліктің жауы. Рухани күрес ең алдымен өз кемшіліктерін (сайтан азғыруына қарсы) түзетуге жұмсалуы қажет.

“Абылдар ұрпағы” қоғамына мұше болғысы келетіндер “Өмір – күрес!” деген қанатты сөз мағынасына күрес сөзінің адамның басқа біреуге қарсы шығуы емес, ең алдымен өзімен өзінің күресі, сан салалы өмірін дұрыс ұйымдастыра білу жолындағы өз тарапынан болатын кедергілерді жеңу жолындағы еңбегі деп есептейтіндер;

“Өмір – күрес!” дейтіндер өз ұрпағының білімді, бақытты, салауатты өмірін ұйымдастыру жолындағы төккен тері деп түсінетіндер.

         Жалпы адамның тіршіліктегі қажеттерін рухани және адами қажеттілік деп екіге бөлуге болады деп есептейміз.

         Рухани қажеттілікті қамтамасыз ету жолы үздіксіз оқып жетілу, көргені мен естігеннен өнеге алу, ой мен ақылды жалпы адамзат құндылықтарына бағыттау деп қабылдауға болар.

Адами қажеттілікті қамтамасыз ету жолы еңбек деп түсінуіміз қажет. Еңбек – тіршілік етудің негізі.

“Абылдар ұрпағы” қоғамы “күрес” түсінігін өзінше түсіндіруге тырысады.

·        Күрес – әр пенденің өз ақылымен өз мінезінің арасындағы қайшылығын ретке келтіру жолындлағы күресі, өзін өзі тәрбиелеу жолы. Бұны  әр кісінің рухани жетісу жолы деп атаса болар. Адамның “Адамгершілік” атты өз қасиетінің “Әрекетсіздік”, “Жалқаулық”, “Күншілдік” атты өз бойыңдағы жауларымен күресі  де адам өмірінің бір парасы. Бұл әр адамның өз адамгершілік қасиеттерін жетістіру жолындағы көтерілер сатылары.

·        Күрес – әр пенденің жақсы өмір сүру жолындағы атқаратын адал еңбегі. Бұл адамның өз тәнін, отбасы сұранысын қамтамасыз ету, өз отбасындағы тұрмыстық сұраныстарына жету жолы. Бұны адамның адами жетісуі жолындағы еңбегі деп қабылдауға болар.

·        Күрес, осылармен қоса басқалардың жауыздық пен зұлымдық, зорлық пен зомбылық әрекеттеріне қарсы тұру құралы да.

 

Күрес сөзіне осындай мағына бере алғанда ғана, ол өз иесін адамгершілік баспалдақтарға көтере алмақ.

         Тарих – адамдардың қай заманда да аса бақытты өмір сүре алмағанын, ал әлемнің бір де бір жылын соғыссыз өткізе алмағанын айғақтайды.

Адамзат тарихын зерделей келгенде болып өткен қырғын соғыстарда миллиондап қырылған жандар туралы ой толғағандардың жауабы жоқ көптеген сұрақтарға кездесетіні сөзсіз.

 

Жалпы адамдардың шектен шыққан зорлық пен зұлымдық, шектен шыққан барлық пен жоқтық туралы дұрыс түсінігі қалыптасуы керек. Сол үшін әуелі үш қағиданы мойындау қажет секілді:

1.   Қандай мақсатта жасалынса да басқа мемлекетке қарсы соғыс, өз еліне қарсы ұйымдастырылған қарулы көтеріліс мемлекетті, қоғамды ілгері бастыра алмайды;

2.   Соғыс пен қарулы көтеріліс мемлекет пен қоғам мүддесі үшін емес, ол тек қана жеке кісілер мен билік пен байлық біріктірген жеке топтардың мүддесі үшін ұйымдастырылады;

3.   Шектен шыққан байлық иелерінің сол байлықтың жеке өз басына емес қоғамға қызмет етуге тиіс екендігін түсінуі.

 

Сол сұрақтардың бірі – саналы жаратылған адамдардың талай рет тұқымын құртып жібере жаздаған соғыс атты зұлматты болдырмау жолында әрекеттенбейтіні, қортынды шығармайтыны!..

Оған негізгі себеп барлардың жоқтар мен орташалардың ойлау қабілетін тұмшалап ұстап, өз басынан әріні ойлатпайтындай ұран тастап, адамдарды діншілдік пен ұлтшылдық, рушылдық пен жершілдік атты жолдарға түсіре алуында болар.  Бір көз жеткен ақиқат бар, ол – сол соғыстардың барлығы да бір кісінің, не бір қауымның атақ-даңқын асқақтату үшін, байлығын шалқыту үшін болып жататын құбылыс екендігі…

Болашақ бір даңғойды “біздің елдің пәленше деген батыры жер жүзін жаулап алып еді” деп мақтаныш сезіміне бөлеу  үшін адам баласын соншама қасіретке батыруға бола ма?..

Соғыс даласында жауынгер қаны бұлақ болып ағып жатқанда, әлемдегі аналар мен балалардың көз жасы өзен болып сарқырамады деймісің?..

         Бұлар соғыста төгілген қан мен жас болсын. Ал біреулердің байлығын арттыру жолында шыққан жан мен тартқан азапты қалай есепке аламыз?..

         Ойланып көрелікші, ағайындар! Африка жағалауларынан миллиондап кеме трюміне тиеп, жолда жартысының мүрдесін мұқитқа атып, тірі қалғандары Америка құл базарларына тоғытылған жандардың жасы мен қасыретін есептеп шығару мүмкін бе?..

Жарайды, баяғы заман өтіп кетті делік.

Біз бұ заман туралы ойланалық. Санасы толыға түсті дейтін бұ заман адамдары сондай зорлық пен бассыздыққа қарсы қандай амал қолданып жатыр?.. Тарихты зерттеген ғұламалар елге не ұқтырды? Неге олар әлі күнге ең Ұлылар деп адам қанын суша шашқандарды ғана атай алады. Балалар оқулықтарын ашып қаралықшы…

Ұлылар тізімінде бірінші болып Александр Македонский мен Наполеон Бонопарт, Гитлер мен Сталин, Ұлы Петр мен Ленин…

Кеше ғана Вьетнам мен Камбоджа естен шығып үлгермей жатып Балқан елдерінің қасіретіне куә болмадық па?.. Бүгінгі Ирак пен Палестинада болып жатқан қасіреттерді кімдер ұйымдастырады?..

         Вьетнам мен Ауған жұрттарының қырылып таусылмайтынына таңданбасқа болмас… Қаншама жылға созылған соғыстар… Соғыс өрті сәл саябыр тартса болды, қызыл шоққа тамызық тастап жіберетін біреу табыла қалады… Не үшін?..  Кім үшін?..

         Жарайды, енді адам пенделерінің өз басына келелік…

         Адам пенделері әлсіздердің сыртқы басқыншылықтан құлға айналып жатқанына, ішкі бақталастықтан бағы жанбай  жатқанына қалайша қиналмай қарап отыра береді?.. Кісілігі қайда?.. Кісілігін паш етер ақиқатшыл үні қайда?..

Қашаңғы ел мен ел бір-бірінің етін жеуге дейін өштеседі?.. Араша түсушілер болмаушы ма еді?.. Қастасқандарды татуластырмаушы ма еді?..

Кәмелетке толмаған қыз бала жүкті болып қалса “масқара-ай” деп, беттерін тырнасатын адамдар (мысалы мұсылмандар) сол қыз бала мойнына жарылғыш іліп мешітті жарып жатса үнсіз отыра беретін санаға жетіпті… Бұл қалай?..

Елу кісінің етін жеген жетпіс кісіні жер жастандырғандарды өлім жазасына кесуге болмайды дейді (мысалы христандар)…

Біз кімбіз, сонда?..

Біздерді саналы етіп жаратып, Жаратушы Адам деп ат таққан жоқ па еді!..

Ей, Адамдар! Біздерге Ұлы Жаратушыдан ұялатын, Ұлы Табиғаттың ақиқатына бас иетін мезгіл жеткен секілді!..

Ұлы Жаратушының Ұлы туындыларын бүлдірмелік!..

Адам пенделерінің ұлы үміттерін аяққа баспалық!..

Есімізді жиналық!… Жаратушыдан да, адамдардан да, өзімізден де ұялатын мезгіл жеткен секілді!..

Болашақ ұрпақ еншісіне тиіспелік!.. Немерелерімізден ұят!..

Кез-келген зорлық пен соғыс, ол – жеке кісілердің және сондайлар қамын жейтін ұйымдасқан қауымның байлық пен билікті қолда ұстап тұруы үшін қылар амалы… Билік пен байлыққа ақылмен жете алмағандарға бір жол қалады. Оның аты –  соғыс!..

 Тағы бір ақиқатты мойындалық, Адам-Ата ұрпақтары!

Біз адам пенделерінің жаратылғаннан бері жіберіп келе жатқан ең басты қателігін мойындалық!..

Қателік – енжарлық, әзірге өз отбасыңа қатері жоқ нәрселердің сені айналып өтетін секілді көрінетінен туындайтын бейқамдық!..

Қатігез соғыстар, сол секілді ел ішінде болып жататын бассыздықтар, жай адамдардың соғыс құмарлар мен билік құмарларға қарсы күреспегенінен, олардың бассыздық әрекеттеріне қарсылық көрсетпегеннен іске асады екен…

Ал өздерінің жағдайын бейбіт жолмен жақсарту ниетімен күреске түскендердің нәтижесі туралы мысалдар келтіруге болады. Үнді халқының бейбіт жолмен тәуелсіздікке жетуі, әйелдер теңдігі, америкалық қара нәсілдер теңдігі…

Адамдар – туысында заңсыздық пен бассыздыққа қарсы. Бірақ олар бұны бірігіп жария етуге үйренбеген. Әлгілердің айласы  мен насихаты олар туралы айтқызбайды. Жай адамдар әрекетке бармайды. Әлгілер оларды желсөзбен алдап қояды. Адамдар жалған ұран үшін  балаларын басқыншылық соғысқа аттандырып салады. Ауылдастың бір тентегінің арандатуымен аттан салып, ағайынының жағасын жыртудан тайынбайды…

Адамдарға (билеушілерге емес) не жетпейді?..

Аллатағала адамдарға бәрін де берген. Дұрыс пайдалана білсе, бәріне де жететін, бәрін де асырайтын молшылық  жасаған…

Бірақ біз, арандатушының айтағына еріп, Ұлы Жаратушы жасаған молшылықты орынсыз ысырап етуден арыла алатын емеспіз. Ол неліктен?.. Оның да жауабын таптық… Біздер, жай қара халық, ойлау міндетімізді біреуге тапсырып, ойсыз өмір сүреді екенбіз. Біз Жаратқан алдындағы міндеттеріміздің көпшілігін атқармай, әсіресе ойлау мұмкіншілігімізді пайдаланбай өмір сүруге дағдыланып алыппыз…

Ау, адам пенделері! Біз Адам болып жаралғасын адамдық міндеттерді атқаруға тиісті емеспіз бе?..

         Сол міндеттің бірі – әр адамның өзіне қарсы істелінер жамандық пен жауыздыққа қарсылық әрекет жасау міндеті!..

Ол міндет –  әр адамның тек өз басына емес, жалпы адам пендесіне зиян келтірер  зұлымдықтарға қарсы әрекеті…

         Ол міндет –  кез-келген адамның басқа біреу арын арлау міндеті, сол арқылы жалпы адам баласын  құрметтеу міндеті…

         Осыларға келіссек  барлық адамдардың құқы мен ары да, жаны мен малы да қорғаулы болар еді.

         Айтыңдаршы, миллиартаған халық даналығы билік басындағы аз ғана топ эгоизмін қалай ақылға шақыра алмайды?..

         Міне осындай ойлар бізге бейбітшілік үшін, адамдардың қайғысыз өмір сүруі үшін күресу  қажет екенін мойындатады, соған шақырады…

“Абылдар ұрпағы” атты қоғам бүкіл жер жүзіндегі ақ ниетті, бейбіт құмар, өзге қайғысына жаны ашитын, еңбекпен елді де, жерді де көгертуге атсалысатын, көлденең олжаға құмар емес адмдарды ниеттесуге, ұйымдасуға шақырады. Қара ниеттілер мен арам пиғылдыларға қарсылық көрсетуге, күресуге шақырады!.. Бірақ қолға қару ұстамауды үгіттейді…

·        Бұл күрес қару қолданбайтын күрес болса!.

·        Бұл күрестің қозғаушы күші – ақыл мен парасат болса!

·        Бұл күрес қару құралы ретінде үгіт пен түсінікті пайдаланса!

·        Бүл күрес нәтижесі – тек қана ізгілік пен қайырымдылық істер арқылы іске асатын болса!

·        Бұл күрес мағынасы – әр адамның Жаратқан алдындағы міндетіне, адамның өзінің адамшылық парызына негізделсе.

·        Жер жүзіндегі барлық ізгі ниетті адамдар, ұлтына, дініне, тіліне қарамай “Абылдар ұрпағы” атты қоғамға мүше болса…

 

Бұндай қоғам ұйымдастыру қазіргі заманда қиын емес секілді. Бұрын бір ауыз хабарды ат шаптырып, араға айлап, апталап уақыт өткізіп жеткізетін болған. Бірақ ол хабардың көпшілік құлағына жетуі де оңай болмайтын.

Біздің дәуіріміздің артықшылығы теле, радио, реклама, интернет секілді жүйелер арқылы бір сәтте бүкүл жер шарына жар сала аласыз.

Қоғамның “Абылдар ұрпағы” аталуы: Адам-Атаның бір баласы Абыл – адал, еңбекқор, ізгілік ниетті, қайырымды істерге құмар адам болған екен деседі. Қызғаныш пен күншілдік сезімге билеткен жүрегі бар, зорлыққа құмар  Қабыл қолынан қаза тапқан Абыл қатесін бұ заман адамдары қайталатуға тиіс емес. Ұлы Жаратушы Абылды Қабыл қолынан мерт еткізгенде, адам пенделері осы уақиғадан қортынды шығарсын, өздерінің жауы кім екенін түсінсін деп жасаған болар.

“Абылдар ұрпағы” қоғамның ұйымдастырушы күші – ізгі ниетті кез-келген адамның басқа адам алдында кісілік парызы бар екенін, жаратылыс алдында адамдық қарызы бар екенін түсінуі…

“Абылдар” атты қоғамның мақсаты – жер шарында болып жатқан кез-келген зорлықшыл күштерге, арам пиғылдыларға қарсы өз ойын ашық айту… Қоғам болып, қоғам атынан айту…

“Абылдар ұрпағы” қоғамның міндеті – өз қоғамы қабылдаған шешім бойынша зорлықшылар мен қорлықшыларға қарсы бейбіт қарсылық жасау…

“Абылдар ұрпағы”  қоғамдық бірлестігінің ұраны – “Адам адаммен тең жаратылған!”..

         Сондықтан да бұл одаққа мүше болған адам өз жүрегіне сол ұғымды орнатып барып,  бар іс-әрекетіне “адам теңдігі” деген түсінікті жалау етпек.

“Теңдік”, “адам теңдігі” деген ұғымдардың Аллатағала Адам-Ата мен Хауа-Ананы  жұптастырып, олар ұрпақ таратқаннан бері қатар өмір сүріп келе жатқанына сенуге болатын болар.

Өйткені Адам-Атаның перзенттерінің, Абыл мен Қабылдың ақыл мен парасаттары да, еңбекке деген, басқаларға деген көзқарастары да бір-бірінен алшақ жатты.

Алғашқы күрес солар арасында болды. Алла тағала Абыл мен Қабыл тартысы арқылы барлық адам пенделеріне үлгі көрсетті. Егер күреспесең ұрпағың өмір бойы зорлықшылдың жоғын жоқтап, сойылын соғатын болады.

Барлық ел, барлық адам пендесі азшылықтың емес көпшіліктің қамы үшін еңбек етсе жер бетінде әлдеқашан “жұмақжай” орнаған болар еді.

 Өз міндетін адал атқаратын, бірақ әділдік үшін күреспейтін Абыл мерт болды. Сол дәстүр әлі күнге жалғасуда.

“Абылдар ұрпағы” атты қауым бар мақсатына бейбітшілік қағидасы арқылы жетуге тырысатын болады. Олар адамдардың ізгілік пен қайырым, жанашырлық  пен қамқоршылық сезімдерін дамытуға күш салатын болады.

Күш қолдану мен жалған айту бұ қоғам үшін жат қылық. Ондайлар қағамға мүше бола алмайды.

Қазақ елі ұлттардың құқы мен теңдігін, діни сенімдердің шыдамы мен төзімін қамтамасыз ететін саясат ұстануының арқасында әлемге үлгі боларлықтай көптеген жетістіктерге қол жеткізді.

“Абылдар ұрпағы” қоғамының Қазақстанда “Әлемдік бейбітшілік!” деп үндеу көтеруі сондай заңды құбылыстардың жалғасы. Өйткені:

Қазақстан бағзы заманда да бейтаныс жолаушыға атын түсіп беріп, жаяу қалатын қайырымды адамдар Отаны болған ел;

Қазақтар ешқашан түрме салмағандығымен әлемге аты шықты;

Қазақтар елі ежелгі замандарда жетімді асырап бала етіп алатын, сондықтан жетімдері болмайтын ел болған.

Қазақстан соңғы ғасырларда саяси қуғынға ұшыраған көптеген ұлттарды аман сақтап қалған ел;

Қазақстан соңғы жылдарда әртүрлі діни қайшылықтарға шыдам мен төзім, ұлттар өкіліне бейбіт өмір сүрудің жаңа моделін жасап, іске асырып берген ел…

Қазақстан Республикасында әлемдік деңгейде  “Әлемдік бейбітшілік!” деп үндеу таратуы, “Адам адаммен тең жаратылған!” деп ұран көтерілуі жеке кісінің емес, тұтас Республика азаматтарының санасына сәйкес бастама.

“Абылдар ұрпағы” атты қоғамның:

 

Ұраны:               Адам адаммен тең жаратылған!

Мақсаты:        Әлемдік бейбітшілік пен әлемдік тоқшылық!

Іс-әрекеті:       Ізгілік пен қайырым! Кешірім мен төзім!

Күрес құралы:          Қару қолданбауға незізделген  үгіт пен

қарсылық!

Әлемнің тең жаратылған, тең құқылы Құрметті азаматтары!

Егер Сіздер осы мақаладағы тұжырымдарға келісе алатын болсаңыз Біз Сіздерді “Абылдар ұрпағы” атты  қоғамға мүше болуға шақырамыз!

“Абылдар ұрпағы” алғашқы құрылтайын ең кемдегенде жирма бір елден жирма бір ұлт өкілдері мүшелікке өткеннен кейін ұйымдастырады. Мүшелікке арыз азаматтардан  интернет арқылы қабылданады.

Кейбір деректер осы мақалаға жалғанған қосымшалар арқылы беріледі.

 

Запись опубликована в рубрике Ойлар……. Ойлар…………. дәптері. Добавьте в закладки постоянную ссылку.

Комментарии запрещены.