Сайын Назарбекұлының шығармашылығы

                               туралы замандастар ойларынан……….

         

"…Сайын өлеңдеріндегі ең басты қасиет не десе, өз басым ол – ұлттық  дәстүрдің дастарқанынан дәм татып, қазақы топырақта аунап түлеген табиғи мінез дер едім. Сонда, Сайын өлеңдері несімен табиғи?

     Сайын сөздерді жонып отырмайды. Сайын сөздерді қорғасынға  ұқсатып ерітіп, құяды.

     Сайын сөздерді моншақ қып жіпке тізіп отырмайды, бал ашқандай шашып жібереді, немесе шашылып жатқан сөздерді қос уыстап бір-ақ қарпиды.

     Сайын сөздерді бояп-сырлап жатпайды, ол табиғи жапырақ сияқты, гүл сияқты өмірдің өзі о баста бояуымен тудырған сөздерді таба алады.

     Сайын сөзбен ойнамайды. Сайын сөзбен ойлайды.

     Сайын осындай қасиеттерімен табиғи."

      -Темірхан Медетбек, Мемлекеттік сыйлықтың иегері

.             

 

                        "     Әсерім

Ел, жер, сағыныш, кие, қасиет, парасат және

осының бәріне азаматтық өредегі алаң көңіл…

міне, нағыз өнерді дүниеге келтіретін құдіреттер

осылар болса керек. Сайын-достың жан-жүрегі осы

құдіреттерге шүпілдеп толып тұр. Сол

құдіреттер шыншыл сезім, шынайы сурет, шымыр

ой болып хатқа түскен. Мен мұны поэма

емес, толғау – жан-жүректің толғауы дер едім.

Ақиқаты да сол."

        -Ақселеу Сейдімбек,  Мемлекеттік сыйлықтың иегері      

 

 

 

"Бұл еңбек қазақтың азамат ұлдарының бірі: жазушы, ақын, сәулетші, драматург, ойшыл Сайын Назарбекұлының шығармашылығын талдауға арналған. Сайын Назарбекұлы ақын ретінде алғашқы шұмақ өлеңін жасы елуге таянған шақта жазып, сәулетші-құрылысшы ретінде де алғашқы сәулет ескерткішін де сол шамада тұрғызыпты. Оның бұл өнерлері әу баста бойында бар болған, тек қана иесін елге танытар сәтін ұзақ күтіп қалған секілді. Сайын бойындағы сол таланттар көзін ашуға Қазақстан тәуелсіздігі атты құбылыс еңбек етіп, бір азаматын ақын еткен , бір құрылысшысын сәулетші атандырған"

    — Мырзагелді Кемел, Дала академигі кітабынан

 

 

            "…”Асыл арман, жол таппасам баратын, жетем саған өзім салған соқпақпен” – деп, жазыпты Сайын “Асыл арман” деген өлеңінде. Меніңше, ол арманға жеткізер соқпаққа емес, даңғыл жолға түскен тәрізді. Ондайда орындалмайтын арман болмайтын шығар. Аман жүр. Аман жүрсең, өлеңдерің де өзің көбірек қаузайтын асқар-асқар армандарыңның ақиқатқа айналуына күмәнім жоқ. Мен ғана емес, сені білетін елің осылай дейді. Ләйім да солай болсын!"

      - Лебен Сәдуақасұлы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

 

        "…Сайын өлмес армандар мен өшпес есімдерге қызмет етуді мақсұт тұтты. Ата қоныста абыз ақын Абыл мен отаршылдыққа қарсы арыстандай арпалысқан Досан батырдың ескерткіштерін орнатты. Ұлы Абайдың басындағы ұлы ғимаратты уәделі мерзімде салып бітіру аманаты да Сайынға жүктелді. Сайын серттен шықты. Абай данышпандығына тағзым еткен жұрт Сайын Назарбекұлының өнері мен еңбегіне де дән риза болары сөзсіз.

         Осынша көзсіз ерлікке бастайтын күштің аты не? Ол – өмір мен өнерге деген шексіз махаббат. Өлім мен өтірікке деген шексіз жиіркеніш.

                 Қалақ ұстайтын ұстаның қолына қалам ұстатып жүрген де – сол.

                Ақын деген – әсемдік пен адалдықтың құлы ғана…

                Адалдықтан туған сөзден асқан өнегелі өмір болмайды.

                Өнерің үстеп, өмірің ұзара бергей, бауырым!

                Бар бол, Сайын!

                Өлең қойнауындағы орының Иірдің ойындағы Шерқаладай өте-    мөте өзгеше болғай…

                Жасай бер!.. Ортада жүр!.. Оза бер!.."

         - Әбіш Кекілбайұлы, Қазақстан Халық Жазушысы

 

 

               "Өзi жазып отырған дәуiрдiң тыныс-демiн, бояу-реңiн, салт-дәстүрiн, бip сөзбен айтқанда, бiтiм-болмысын бұзбай, көкiрегiңе сол табиғи қалпында көшiруге ұмтылатын прозашы өз кейiпкерлерiнiң мiнез-құлқын беруге де ұста.

Сайынның тарихтан тамыр тартқан прозасында елге тұтқа ерлер, ipi, кесек мiнездiң адамдары көбiрек көрiнедi. Шотан мен Балуанияз батыр, Шыли сыншы, Жүсiп шебер, Бақажан, Сағындық, Саназар, Қоштай секiлдi ipi байлар осы қатарда. Олардың атын көпшiлiк, негiзiнен, түрлi нұсқадағы аңыздық сипаты басым әңгiмелер арқылы ғана бiлетiн. С.Назарбекұлы шығармашылығы арқасында бұл тарихи тұлғалар ел санасына берiк орныға түскендей.

Сайын прозасы дегенде, мiндеттi түрде айты-
луға тиiстi қадау-пiкip бар. Ол-қаламгерiмiздiң алпыс жасында қазақ қара сөзiнiң майданына бел шешiп түскенi. Шыны керек, бiздер, маңғыстаулықтар, тағдыры тартысқа толы туған өлкемiздiң өткенiнен кем-хабармыз. Сайын, айналма соқпақтарға  түспей, көп жағдайда тарихқа тура тартады. Сайын прозасы сол үшiн де қасқалдақтың қанындай!.."

            - Мырзатай   Болат, әдебиетші

 

 

 

         "Оның ең басты парызы – хал-қадірінше еліне, халқына адал қызмет ету. Сайын бұл ретте былайша толғанады: “Парыз… Бұл – біссімілладан кейінгі айтылар ең ұлы сөз! Адам ақиқатты да, мәдениетті де сенен таппақ. Парыз мағынасын түсініп, өз парызын адал өтеуді ойлаған жан сол сәтте пенделік болмысынан азаматтық биіктікке бірден көтеріледі”.

Осындай түсініктегі Сайынның өзінің де азаматтық биіктікке көтерілген жан екенін “Сырласым болға” енген төрттағандар топтамасы да, болмысты ұлттық таным-түсінік негізінде тануға ұмтылған ешкімге ұқсамайтын өзіндік философиялық пайымдаулары да дәлелдей түседі. Ол елінің ертеңін ойлайды. Не айтса да ашығын, адалын айтады. Ал адалдықпен айтылған сөздің ғұмыры ұзақ. Өйткені елім, жұртым деген жүректен шыққан сөздің бырып орнығар орыны да сондай махаббаты жүрек болмақ. Сондықтан ол ұмытылмайды. Туған халқына адал қызмет етуді парызым деп білген Сайын осы қазір де маған:

Өнерлінің тілін тап, мінін таппа,

                Көп жақсының тек қана бірін бапта.

                Жатқа тізгін бермеңіз “жақсы екен” деп,

                Қарап қалар сасқанда күнің жатқа, – деп тұрғандай."

            - Қойшығара Салғараұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері   

 

         "Сайын адамдардың сенім мен дінге психологиялық бағыныштылығын дәлме-дәл түйіндеп: “Пенде біткеннің бәрі де біреуге табынады. Бірі Құдайға… Бірі Ережеге… Үшінші біреулері күштіге… Ешкімге табынбайтындар да баршылық. Бұлардың бірі барлығына қарсылар. Көзі көргенді, құлағы естігенді – бәрін қаралап, бәрін күйелеп тастайды. Соған айызы қанады. Ондайлар өз қылығына табынады. Ал табынбайтындардың бір тобы – ішкі сарайлары таза, жап-жарық, ап-анық. Ешкімге бас та ұрмай, жамандық та ойламай өмір сүреді. Олар адалдық пен тазалыққа табынады” –  дейді.

         Бұндай тұжырымды тек “тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” дегендей адалдық пен тазалыққа табынатын, әділ де тура кісі ғана айта алады деп білемін."

 - Дүйсенбі Әріпұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

         "Мен Сайын Назарбектің қолжазбасын жақсы тілекпен, риясыз көңілмен оқыдым. Өйткені ол өнердегі өзінің жүрек лүпілін, өмірдегі ұлттық қастерлі қазынаға ықыласын әлдеқашан ақ тасқа қашап жазған жан. Жан сырын тасқа жазған, таспен өріп өрнектеген ақынжанды азамат. Ата шежіресін бітік тасқа түсірген түрк бәдізшілерінің соңғы тұяғы! Сырын тасқа бедерлеген түрк жырауларының жолын ұстанған қазақ.

         Тастан өнер өрген шебердің ақ қағаздағы қолтаңбасында да оқырманға қадірлі, азаматқа қастерлі сөздер, шынайы сезім лүпілі мол. Көкірек көзінің көргені мен көкейге түйгені көп. Қазақ даласының ойы мен қырындағы адам баласының қалтарысты-қатпарлы тағдырының іздері, өткенге де, кеткенге де салауат тілеген кісіліктің, парасатты мәрттіктің лебі ыстық. Пайғамбар жасындағы Сәкеңнің өмірге де, өлеңге де, өнердегі өзге де құбылыстарға көзқарасы айқын. Өз өнері мен өмір жолына парасат көзімен қарайтыны анық."

     - Асқар Егеубай, ақын, филология ғылымдарының докторы

 

 

                "Мен Сайын Назарбектің өлеңдерін әрбір жас қазақ азаматы оқуға тиіс 250 кітаптың қатарына қосар едім. Ал әрбір зиялы адам өле-өлгенше тауысуға тиіс 2500-3000 кітаптың алғашқы жүздіктерінің қатарында боларына кәміл сенемін. Сонымен бірге Сайын өлеңдерін көзбен ғана емес, көңілмен оқу керек. Әр сөзін оймен өлшеп, жүрекпен таразылай білу шарт."

- Әзілхан Нұршайықов, Қазақстан Халық Жазушысы

 

                "Мен оған алғашқы жүздесуімнен бермен қарай ылғи таң қалумен келемін. Әуелі, бауырмалдылығына таң қалдым. Сосын достыққа адалдығына таң қалдым. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығына таң қалдым. Табандылығына таң қалдым. Ол мені әлденеше рет қорқытты да. Өйткені, әлденеше рет өлімнен қалды. Дауасы жоқ дертке ұшырап, өзге жұрт қаралай күдер үзетін жерде, ол күдерін үзген жоқ. Үш рет оташының пышағына түсіп, отанына аман қайтты, тірі жүрген қаһарман керек болса, қасыңызда жүр."                                                                 

       - Әбіш Кекілбайұлы, Қазақстан Халық Жазушысы

 

 

                "Маңғыстау өңірінде ғасырлар бойы ақ тастан салынған тарихи ескерткіштер сақталғаны белгілі. Ол туралы  біздің тарихшыларымыз да, археологтарымыз да, сәулетшілеріміз де көптеген еңбектер жазып жүр. Сайын Назарбекұлы –  сол асыл мұраның бүгінгі көзі. Сәкеңнің тікелей өз қолымен жасаған ақтас құрылыстары қазір  мәдениет мақтанышы.   Маңғыстау даласында Сәкең қашап, қалап шыққан басқа жұмыстарын айтпағанның өзінде Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім», Бөрілідегі "Омархан-Нұржамал" (Мұхтар Әуезовтің ата-анасы), Сарайшықтағы "Хан Ордалы Сарайшық", Балабөгендегі  «Домалақ Ана» кешендерін Ақтаудың ақ тасының жігін жарастырып, салып шыққан тас шебері осы – Сайын Назарбекұлы."                                                                                                                   

       - Қуаныш  Сұлтанов, сенатор

Комментарии запрещены.